Алматы қаласы Білім басқармасының
"Мұқағали Мақатаев атындағы
№140 гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 376–44–88
Есепші бөлімі:
+7(727) 376–47–18
Нашар көрушілер
нұсқасы
26
январь
2024

"Педагог. Шешім. Жағдаят"

        Болашақ мұғалім ретінде, ШҚЖ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де педагогикалық практикадан өту барысында, білім саласына ендірілген тың жобалар аясында ұйымдастырылған, алғаш тұсауы кесілген, мұғалімдер қауымы үшін өте пайдалы, «Педагог. Жағдаят. Шешім.» байқауының куәсі болдым.  Аталған байқау жас мамандардың біліктілігін, өз кәсібіне деген ынта – ықыласын арттыруға, іскерлікке, жан-жақтылыққа, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға баулып қана қоймай,  педагогикалық тәжірибе жинақтауына көмектесу, жас мамандардың мәртебесін көтеру мақсатында, Алматы қаласы білім басқармасы,  Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың  ғылыми әдістемелік орталығы, Бостандық аудандық  білім бөлімі  және ШҚЖ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-нің ұйымдастыруымен  2024 жылдың 26 қаңтарында өтті.Байқауға Бостандық аудандық білім беру ұйымдарынан еңбек өтілі 5 жылға дейінгі 25  жас маман қатысты. Байқауға қонақ ретінде Бостандық ауданы білім мекемелеріндегі барлық мектеп басшылары, ЖОО-ның әдіскер-ұстаздары, 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас мамандар шақырылды. Байқауға ЖОО-ның әдіскер-ғалым, ұстаздары, Үздік педагогтер қазылық етті. Ең алдымен, 2 минутта  өзін-өзі  таныстырған қатысушылар  таңдау арқылы түскен педагогикалық жағдаяттан шығу жолдарын айтып, шешендік шеберлігін, функционалды сауаттылығын  танытса,   үшінші кезеңде «Білім саласына ендіруді ұсынатын менің жобам» тақырыбында өз жобасын  таныстырылым арқылы қорғап, шығармашылығын танытты.Шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушы ретінде  ШҚЖ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-нің ұжымы ұйытқы болды. 
         Кіре берісте құшақ жая қарысы алған гимназия ұжымы тіркеудің өзін жаңаша үлгіде ұйымдастырды.  Білім мен біліктілік деңгейі қатар сынға түскен додада топ жарып, бас жүлдені №65 ЖББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Серғали Аружан (198 балл) жеңіп алса, 1-орынды № 68 мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі Тайлаков Шерхан (194 балл) иленді. Ал жүлделі 2-орынды №140 гимназияның физика пәні мұғалімі Нұрсал Дәлел және №140 гимназияның тарих пәні мұғалімі Серік Думан иемденді. Жүлделі  3-орынды № 140 гимназияның география пәні мұғалімі Рашидұлы Дидар, №63 мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Кульбаева Альбина және № 10 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Түрліқожаева Жансая қанжығасына байлады. Байқауға қатысушылардың барлығы дерлік бағалы сыйлықтармен, Алматы қаласы білім басқармасы,   Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың  ғылыми әдістемелік орталығының  Алғыс хатымен марапатталды. Шарты да, шабысы да, ұйымдастырылуы да бөлек бұл жоба көрермендер мен қатысушылардың ойынан шыққанына күмән жоқ. Тайменеджмент пен әскерлік, жан-жақтылық пен шеберлік, тапқырлық пен шешендік, бір сөзбен айтқанда, 45 минутқа қажет 45 қасиет  сынға түскен жас мамандар додасы өте тартысты әрі қызық өтті. Су жаңа жоба ретінде тұсауы кесіліп, қатысушылардың көңілінен шыққан аталмыш байқау «Педагог.Жағдаят.Шешім.» атты бағдарлама аясында жүзеге асты. Бағдарлама  авторлары,  ШҚЖ «М.Мақатаев атындағы   №140 гимназия» МКК ұстаздары -  Тілеубай Сәния Өскенбайқызы, Темурбаева Сафура Салимбаевна, Сагынгалиев Даурен Наурызбаевич, Әбдіманап Нұрила Қанатқызы. Авторлар алдағы уақытта байқауды қала, республика көлемінде ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ұстаз шеберлігін шыңдайтын  осындай тың жобаға пара-пар байқаулардың  санын арттырып, жиі ұйымдастыру білікті мамандар санының артуына ұйытқы болары хақ.

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: