Алматы қаласы Білім басқармасының
"Мұқағали Мақатаев атындағы
№140 гимназия"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 376–44–88
Есепші бөлімі:
+7(727) 376–47–18
Нашар көрушілер
нұсқасы
06
март
2019

«Ару-Ана» жаңа жобасы жүзеге асты...

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда «Ару-Ана» байқауының жаңа жобасы жүзеге асты. Жобаның ерекшелігі – байқауға қызымен бірге анасы да қатысып, берілген шарттар бойынша бірге сынға түседі. Байқауға 5-10 сынып бойынша әр сыныптан 1 қыз бала мен анасы қатысты. Байқау 3 шарттан құрылған, сол шарттар бойынша қатысушылар өзара сынасты. Байқау барысында ару қыздар мен аналары сымбаттылығын, сыпайлығын, біліктілігін және өнерлерін, жан-жақтылығын көрсете білді. Алғашқы сында «Менің анам» тақырыбында қатысушы қыз бала анасы мен өзі жайлы таныстырды. Бейнебаян арқылы өз отбасындағы қыз бен ананың арасындағы махаббатты, сыйластық пен мейірімділікті керемет үйлестіріп көрсете білді. Екінші кезең бойынша берілген қазақтың салт-дәстүрін нақты және түсінікті етіп баяндап берді. Кейбір сайыскерлеріміз көрініс ретінде көрсетіп жатса, енді бірі әңгіме-сұқбат түрінде өрбітті. Басты мақсат – анасының қызына берілген дәстүрді қалай түсіндіріп, жеткізіп беретінін байқау еді. Бұл шартты орындауда аналарымыз ерекше шеберлік танытты. Байқаудың соңғы шарты – ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін жатқа оқу. Мектебіміз М.Мақатаевтың атында болғандықтан ақынның өлеңдерін жатқа білу шәкірттеріміз үшін міндетті, бұған ата-аналарымыз да өз үлестерін қосуда. Өткен оқу жылында ата-аналар ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған айлық барысында өлең оқудан жарысқа түссе, бұл жолы қыздарымен бірге жыр жаттап, сахнада бірге өнер көрсетті. Ана мен қызы сынға түскен аналар арасында Алтын, күміс алқа таққан көп балалы, үлгі боларлық өнегесі бар салиқалы, жас та болса жалындап тұрған өнерлі аналарымызды көріп риза болдық. «Ана көрген оқ жонар» демекші, қыз баланың тәрбиелі де тәртіпті, иманды да инабатты болып өсіп келе жатқаны осындай өнегелі аналарымыздың арқасы екендігін тағы да мойындадық. Қазақтың дәстүр-салтын біліп өскен ұрпақтың ертең ел Анасы болып, өз ұрпағына дұрыс тәрбие бере алатынына көзімізді жеткізіп, қуанып қалдық. Жаңа жобаның өтуіне ұйытқы болған гимназия директоры С.Өскенбайқызы байқауға қатысқан қыздар мен олардың аналарына алғыс білдіріп, номинациялармен марапаттады. Бұл жобаның жалғасы іспеттес мамыр айында «Әке мен бала» байқауының өтетінін де атап өтті. Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын осындай шаралардың жиі өтіп тұруы келешек ұрпақтың ұлтжанды азаматтар болып қалыптасуына тигізер ықпалы зор.












Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: